Тәуелсіздіктен бергі уақыт аралығында Қазақстанда уақыт-уақытымен этносаралық қақтығыстардың орын алып жатқаны белгілі. Билік елдегі қақтығыстардың этностық негізі жоқ деп мәлімдегенмен, халық арасындағы, медиа және әлеуметтік желілердегі қақтығыс туралы дискурста “қазақтар” және “басқа ұлттар” деген екі категорияның бар екенін байқауға болады. Сонымен қатар, осы категориялардың арасында иерархиялық қатынас болуы тиіс, яғни ел аумағында этникалық қазақтар басқа ұлты қазақ емес азаматтарға қарағанда “бір саты жоғары тұруы керек” деген талаптарды көруге болады. Ел арасында нықтап орныққан бұл көзқарас әсіресе қақтығыс орын алғаннан кейін анық естіледі. Осылайша, болған оқиға азаматтық тәртіп контекстінде емес, этностық иерархиялар контекстінде талқыланатынын байқаймыз. Этностық топтардың арасында мәдени ерекшеліктерден бөлек, иерархиялық қатынастың болуын талап етудің негізі қайда жатыр? Мақала осы сұрақтың төңірегінде өрбиді.
Кеңес үкіметі кезіндегі ұлттық саясаттың рөлі
Кеңес үкіметінің бастапқы кезеңінде большевик үкіметі Орталық Азия аймағында тұратын халыққа этникалық белгілері бойынша санақ жүргізіп, оларды ресми түрде ұлттар немесе «национальности» деп тіркеді, және әркімнің ұлты құжаттандырылды. Бұл процесстің өз қиыншылықтары болғанын, кеңестік үкіметтің түсінігіндегі «ұлт» және ол кезеңдегі жергілікті халықтың өзін және басқаларды идентификациялауының арасында айырмашылық болғанын тарихшы-ғалымдар жазады. Кеңес үкіметі халық арасында өзінің ұлт түсінігін қалыптандыру үшін онда тұратын халықтардың «мәдениетін» (тілін, ұлттық киім, ұлттық тағам, ұлттық мінез-құлық) мәдени іс-шаралар арқылы үнемі насихаттап және стандарттап отырды. Орталық Азияның территориясы ұлттық мемлекеттерге ресми түрде бөлініп, шекаралары рәсімделді.Тарихшылар большевиктердің мұндай саясат жүргізуінің өз себебі болғанын жазады. Қазіргі уақытта “әр ұлттың өкілдері бірдей және ұлттың өз территориясы болады немесе болуы керек” деген ой көпшілік үшін қалыпты.
Биліктің Қазақстан халқы туралы дискурсы
Мемлекет территориясында үстемдігі бар биліктің ұлттық бағдарламасы, бекітетін заңдарындағы сөз қолданыстары, мемлекеттік медианың азаматтар арасындағы дискурсқа, олардың бір-бірінің кім екендігі, елдегі рөлі туралы ойларына заңды ықпалы бар.
Қазақстандық биліктің нарративтерінде Қазақстанның халқына қатысты келесі атаулар қолданылады: «қазақтар», «Қазақстан аумағында тұратын этнос өкілдері» (кейде «Қазақстан этностары», «130-дан астам ұлт өкілдері» сияқты түрлері бар) және осы екі топты біріктіретін «қазақстандықтар». Алайда, өзіміз бақылап отырғанымыздай «қазақстандықтар» категориясы халық арасында, оның ішінде этникалық қазақтар арасында қолданысқа енген жоқ.
Қазақстан билігі қазіргі “Қазақстан халқы” “қазақ” жерінде мемлекеттілік құрып жатқанын жариялайды. «Алғыс айту күні» және «Қазақ еліне мың алғыс» монументтері секілді «достыққа шақыратын» шараларда Қазақстан халқын «қазақтар» және «этнос өкілдері» деген категорияларға бөліп көрсету және әр қайсысының елде өз орны бар секілді месседж байқалады. Бұл биліктің өзі құруға ұмтылып отырған азаматтық қоғамды қалыптастыру идеясына қайшы келеді. Жергілікті деңгейде де, халықтың этностық белгілеріне қарай бір-бірін «қонақ ұлт» (guest) және «титулды ұлт» (host) деп түсінуі де осыдан.
“Тарихи отан” дискурсының рөлі
“Тарихи отан” (ағылшынша “the country of origin”) деген қалыптасқан ұғым бар. Бұл ұғым негізінен бір елге миграция жасап, орныққан адамдардың көшіп кеткен еліне қатысты қолданылады. Мысалы, Германияда тұратын түріктердің тарихи отаны Түркия, немесе Швейцарияда тұратын албандардың тарихи отаны Албания деп қарастырылады. Яғни, барлығында миграция, немесе физикалық тұрғыда бір елден екінші елге көшу, шекараны кесіп өту әрекеті бар. Алайда, адамдар шекараны емес, шекара адамдарды “кесіп өтетін” жағдайлар болады. Яғни, елдердің саяси шекаралары бекітілген кезде, кейбір тұрғылықты халық жаңа бір мемлекеттің құрамындағы “азшылық” болып қалуы мүмкін. Кеңес үкіметінің құрамындағы көп халықтар осыған мысал бола алады. Мысалы, қазіргі Өзбекстан аумағында тұратын қазақтар, немесе Қазақстан аумағында тұратын өзбектер. Яғни, “этностық азшылықтар” үшін “тарихи отан” сол өзі “азшылық” болып отырған елдің өзі болуы мүмкін.
Тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстан үкіметінің ресми дискурсында барлық қазақтардың “тарихи отаны” Қазақстан деген нарратив қолданылады. Этникалық репатриация бағдарламасының басты идеясы осы болды. Бұл идея, екінші жағынан қарағанда Қазақстан аумағында ғасырлар бойы тұрып келе жатқан басқа этностық топтардың да этникалық “тарихи отаны” болуы керек деген ойды қалыпты етеді.
Бұл идеяны Ассамблеяның кейбір бағдарламаларынан да байқауға болады. Кәсіпкерлердің өзінің “тарихи шығу тегі елдерімен” сауда байланысын орнатуы секілді бағдаларлама осыған мысал бола алады. Бір қарағанда ешқандай зияны жоқ, қалыпты бағдарлама секілді көрінгенімен, символикалық тұрғыдан этникалық топтарды өзге елдегі басқа мәдениеттің өкілі ретінде қарастыру дағдысы байқалады. Мұндай аргументті күнделікті өмірдегі қақтығыс кезінде азаматтар бір-біріне қолдануы мүмкін. Яғни, “сен менің отанымда маған олай сөйлемеуің керек”, “өз отаныңа кет” деген аргументтердің тамыры осында жатыр.
Идентификация процесстерін зерттейтін ғалымдар, идентификацияның ситуативті және рационалды процесс екенін айтады. Адам баласы көп жағдайда өзінің қызығушылықтарына жауап бермейтін топтың өкілі болуға ниет танытпайды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда көпшілік болып табылатын этникалық қазақтарға өздерін қазақстандық категориясына кіргізудің қажеттілігі жоқ екеніне назар аударсақ. Бұл дегеніміз, Қазақстанда азаматтыққа негізделген идентификация категориясы этносқа негізделген категориямен бір деңгейде тұрған жоқ. Қазақстан аумағында азамат ретінде қарым-қатынас жасаудан гөрі, қазақ ретінде қарым-қатынас жасаудың артықшылықтары бар екенін көреміз. Ел аумағында қазақ ретінде жасалған талап (claim), азамат ретінде жасалған талапқа қарағанда көбірек ниеттестерді жұмылдыратынын байқауға болады. Қақтығыстан кейін Пенжім мәдениет үйінде өткен жиналыста осыны байқауға болады.
Елімізде этникалық ынтымақтастықтың ортақ мемлекеттік немесе аймақтық ынтымақтастыққа қарағанда ықпалды болуын байқаймыз. Басқа идентификация категориялары ықпалды болмаған кезде, талаптар этникалық негізде жасалады. Этникалық, оның ішінде қазақ категориясының ел аймағының ішінде өз талаптарын айтуы легитимді деген түсінік қалыптасқан. “Жер-қазақтікі” деген ұғым Қазақстанның “этнос өкілдері” тобымен идентификацияланатын халқының мемлекеттік маңызы бар шешімдерге қатысты белсенділігін мағынасыз етіп жібереді. Мысалы үшін, 2015 жылғы жердің шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы митингтерде этникалық қазақ емес Қазақстан азаматтарының белсенділігін көп көрмеуіміздің себептерінің бірі де осы болуы мүмкін. Логикалық жағынан қарағанда, халық арасындағы мемлекеттің бүтіндігіне қатысты қауіптену сезімі этникалық кім екендігіне қарамастан елдің барлық азаматтарын толғандыруы және жұмылдыруы керек емес пе?
Елде өзінің этникалық белгілеріне байланысты “қонақ” категориясына жатқызылатын азаматтардың толықтай мемлекет азаматы ретінде белсенді болуы үшін елде азаматтық қоғам мықты және қалыпты болуы тиіс.
Барлық этникалық топ өкілдерінің Қазақстанның барлық жерінде өмір сүріп, жұмыс жасай алатындай дағдыларды үйренуге мүмкіндігі болуы қажет. Оның ішіне мемлекеттік тілді үйрену кіреді. Ол этностық топ өкілдеріне экономикалық мүмкіндіктерді ашуға көмектесуі керек.
[1] Кеңес Үкіметінің ұлт жасау саясаты туралы кейбір еңбектер: Terry Martin 2001, The Affirmative Action Empire: Nations and Nationalism in the USSR, 1923-1939. / Hirsch 2005. Empire of Nations: Ethnographic Knowledge and the Making of the Soviet Union. / Абашин, Сергей 2007. Национализмы в Средней Азии.
[2] Санақ жүргізу процесіндегі күрделіліктер мен санақшылардың халықпен жұмысындағы түсініспеушіліктер, санақ комиссиясының ұлттық категорияларды анықтауға қатысты жұмысы туралы келесі еңбекте толығырақ оқуға болады. Hirsch 2005. Empire of Nations: Ethnographic Knowledge and the Making of the Soviet Union.
[3] Басты себеп аймақта тұратын әр түрлі халық большевиктер бізді жаулап алып жатыр деген оймен өздерін қорғау күйіне өтіп, жаңа билікке қарсы болып алады деген қорқыныш. Мұны дефенсивті, немесе қорғанушы ұлтшылдық (defensive nationalism) деп атайды. Сондықтан да, большевиктер аймақта тұратын халықтың мәдениетіне ерекше мұқияттылық танытты. Біз осы мақалада бұл сұрақты терең қарастырмаймыз. Кеңес үкіметінің этникалық мәдениеттерді қолдауға бағдарланған саясаты, бұл саясаттың мақсаты туралы толығырақ келесі еңбектен оқуға болады: Terry Martin 2001, The Affirmative Action Empire: Nations and Nationalism in the USSR, 1923-1939.
[4] Бұл туралы келесі мақалада оқуға болады: Burkhanov and Sharipova, 2015. Kazakhstan’s Civic National Identity: Ambiguous Policy and Points of Resistance. In: Omelicheva M. Nationalism and Identity Construction in Central Asia.
[5] https://egemen.kz/article/154341-elbasy-barlyq-qazaqtardynh-tarikhi-otany-qazaqstan
[6] https://assembly.kz/struktury-ank/oyul-assotsiatsiya-predprinimateley-kazakhstana/
[7] Мысалы, Richard Jenkins 2014. Social Identity.
[8] Schlee, 2008. How enemies are made: Towards a Theory of Ethnic and Religious Conflicts.
Автор: Индира Алибаева